Қаңтарда полицияда азапталып өлтірілген Жотабаевтың ісі: Изолятор фельдшері шартты жазаға сотталды

Он бір қабырғасы сынып, өкпесінен сұйықтық табылған


22/06/2023
10:23 17072 0

Фото: Ашық дереккөзден

 

2022 жылғы Қанды Қаңтар оқиғасы кезінде Семей қаласының полициясында азапталып өлтірілген Жандос Жотабаевтың ісі бойынша айыпталған уақытша қамау изоляторының фельдшері Гүлмира Төлеубекова бір жылға шартты түрде сотталды. Бұл жөнінде «Власть» сайты жазды. 

 

Сот Төлеубекованы үш жыл медицина мекемелерінде жұмыс істеу құқығынан айырып, жәбірленушілер өтемақы қорына 30 630 теңге өндіреді. Бұған қоса, оған моральдық өтемақы ретінде Жотабаевтың отбасына 500 мың теңге төлеу міндеттелді. 

 

Төлеубековаға «Кездейсоқ бір адамның өліміне әкелген медицина қызметкерінің кәсіби міндетін тиісті дәрежеде орындамау» (317-бап) бойынша айып тағылған. Бұған дейін қорғау тарабы фельдшердің Жотабаев өліміне қатысы жоғын айтып, бұл іс бойынша бірінші кезекте оны азаптаған полиция қызметкерлері мен уақытша қамау изоляторын жауапқа тарту қажеттігін айтқан. 

Жотабаевтың өліміне байланысты бөлек процесте «Қатігез, адамгершілікке жатпайтын немесе қадір-қасиетті қорлайтын қарым-қатынас, азаптаулар» (146-бап) бабы бойынша екі полиция қызметкері Әлішер Қанақынов және Ерсұлтан Ағзановқа айып тағылған. Олардың соты енді ғана басталған. 

Жандос Жотабаев былтыр 6 қаңтарда «бейбіт митингіге қатысқаны үшін» ұсталған. Ақпаратқа қарағанда, полиция бөлімшесінде екі күн қамауда болған Жотабаев екі күннен кейін уақытша қамау изоляторына ауыстырылған. 17 қаңтарда изолятор қызметкерлері жедел жәрдем шақырып, Жотабаевтың қайтыс болғанын хабарлаған. Жандос Жотабаевтың бауыры 2022 жылы ақпанда зерттеу кезінде марқұмның өкпесінен сұйықтық табылғанын, мұндай жағдай қатты соққыға жығылған адамда болатынын айтқан. Бауырының айтуынша, оның 11 қабырғасы сынған. 

Жуырда Семей соты Қаңтар оқиғасы кезінде уақытша қамау изоляторында қаза болған Елдос Қалиевтің өліміне байланысты айыпталған екі полиция қызметкеріне үш жыл шартты жаза берген.  

 

 

 

Поделиться

Нет комментариев.

22/06/2023 10:23
17072 0

Уведомление